Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында «Кітапхана – білім мен парасат ордасы» атты ашық есік күні өткізілді. Аталған шара өңір зиялыларының, мәдениет және білім саласының өкілдері, ардагерлер, ақын-жазушылар мен мектеп-бөлім қызметкерлерінің басын қосты.
Іс-шараның басты мақсаты – кітапхана қызметін, жаңа әдебиеттер қорын таныстыру, оқырманмен байланыс пен кітап оқу мәдениетін дамыту. Басқосуға аудан әкімінің орынбасары Махпал Досымбекова, аудандық мәслихат төрағасы Мұхтар Шайдаев, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жансая Оспанова, Аса ауылдық округ әкімі Талғат Бөлекбаев, аудандық мәдениет үйінің директоры Индира Тоғанбаева, тарихи-өлкетану музейінің директоры Асқар Сырлыбаев, аудандық мұрағат директоры Келсінай Күлекеева, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев, ардагерлер кеңесінің мүшесі Батырбек Саршаев және басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.
Конференц-залдағы «Өркениет өрісіндегі өңір руханияты» атты дөңгелек үстелде жергілікті қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдері кітапхана қызметінің аймақ үшін маңыздылығын тілге тиек етті. Шараға қаламгер, ақын Байтанағали Төлентаев, журналист-жазушы, ауданның Құрметті азаматы Сансызбай Махамбетқұлов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қуаныш Ауғанбаев, жазушы Нұржан Әліш, қаламгерлер Қайрат Отарбаев пен Сембек Пірімқұлов, айтыскер ақын Айтмұхамбет Исақов пен жас ақын Әсел Назаралы кітапхана қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалап, оның рухани кеңістікті қалыптастырудағы рөлін атап өтті.
Ашық есік күнінде кітапхананың әр бөлімі бойынша экскурсиялар ұйымдастырылып, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Аида Қалисаева оқырмандар мен қонақтарға ақпарат көздерін пайдалану жолдары таныстырды. Кітапханашылар тұрақты және атаулы күндерге арналған көрмелер мен жаңа басылымдардан шолу жасап, әртүрлі жанрдағы әдебиеттерді ұсынды. Балалар мен жасөспірімдер бөлімі «Кітаппен бірге жарқын әлемге!» атты әдеби аялдама өткізді.
Ашық есік күнінде Зағип және көзі әлсіз азаматтар бөлігінде «Жақсы кітап – жан азығы» атты booktime шарасы өтсе, «Өркениет өрісіндегі өңір руханияты» конференц-залында пікірталасқа «Кітапхана лидері» жастар арасындағы интеллектуалдық сайыс, «Кітапхана – ғаламтор кеңістігінде» – ауылдық кітапхана қызметкерлерінің цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында «Plickers» интерактивті әдісі қолданып, семинар-практикум өтті.
Шарада жинақталған ұсыныстар аймақтық мәдени өмірді жандандыруға нақты бағыт берді. Қатысушылардың бастамалары арасында әдеби клубтар мен шығармашылық шеберханаларды ауыл және мектеп оқушыларына қолжетімді ету, кітап қорын жүйелі түрде жаңарту және жаңа басылымдардың санын арттыру, жергілікті ақын-жазушылар мен қаламгерлердің шығармашылығын кеңінен насихаттау, мектеп кітапханаларымен бірлескен жобаларды көбейту, мәдени-рухани іс-шараларды тұрақты өткізу дәстүрін қалыптастыру секілді маңызды мәселелер айтылды.
Айта кететін жайт, Аса ауылдық округі әкімінің орынбасары Асқар Байдалиев қазақтың ұлттық мұрасы домбыраны кітапханаға сыйға тартып, жас буынды ұлттық өнерге баулу ісіне қызмет ететін арнаулы аманат ретінде табыстап, кітапхана төрінен орын алды. Сондай-ақ, шара соңында аудан әкімінің орынбасары Махпал Досымбекова белгілі қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Мен – халқымның Бауыржанымын» кітабын кітапхана қорына табыс етті.
Ашық есік күні аудан тұрғындарының сенімін арттыруға, жастардың білім алуына жағдай жасауға және жалпы қоғамда кітап оқу мәдениетін дәріптеуге бағытталған маңызды қадам болды. Осы бағыттағы «Кітапхана лидері», «Библио-IQ», «Үлкен үзіліс – 8 минут кітаппен!», «Күншуақ» секілді бастамалар мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастардың да білім мен шығармашылыққа тартылуына жұмыс жасайды.
«Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында өткізілген «Кітапхана – білім мен парасат ордасы» ашық есік күні кітапхананың өңір тұрғындары мен зиялы қауым арасындағы байланысын нығайтып, әдеби шығармашылықты дамытуға тың қадам болып қала бермек. Қойылған талаптар мен ұсыныстарды іске асыру арқылы кітапхана алдағы уақытта да жергілікті қоғамның рухани-мәдени орталығына айналатынына сенім зор.
https://kitaphana-asa.kz/novosti-kz/460-kitapkhana-bilim-men-parasat-ordasy-ashy-esik-k-ni.html#sigFreeId29987eb8d6



















