«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы оқырмандар арасында өз орнын тауып келеді. Аталмыш жоба қазақ әдебиетінің қазыналы туындыларын насихаттау, оқу мәдениетін қолдау және дамыту, жастарды рухани және патриоттық тәрбиеге баулуға бағытталған. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы осымен 15 жыл қатарынан ұйымдастырып келе жатқан акция аясында таңдалған кітаптар республикалық, облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық және мектеп кітапханаларында кеңінен насихатталатын болады. Жақында 2021 жылдың Жыл кітаптарын таңдау бойынша «Бір ел – бір кітап» акциясы
комиссиясының кезекті отырысы болып өтті. Бұл жолы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, жалпыхалықтық оқуға «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» рухани-мәдени акциясы ұсынылып отыр.