Жамбыл облысы Жамбыл ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ
Тарихи Ескерткіштер
1. Айшабибі кесенесі
Айша Бибі кесенесі. Тараз қаласынан 12км қашықтықта орналасқан Айша бибі кесенесі – ХІ-ХІІ ғ.ғ. ортағасыр сәулет ескерткіштерінің бірі. Біздің күнге кесененің тек батыс бөлшегі сақталған. Қазір кесене толығымен жаңартылған. Қараханидтер сәулет ескерткіштері ішінен Орта Азия және Қазақстан аумағында сәулет-құрылыс мәдениетінде бұл ескерткіш кереметі болып саналады. 60 түрлі ою-өрнектері бар эпиграфикалық белдеумен жасалған.Ескерткіш туристтерді тек қана ерекше сәулетімен ғана емес, сонымен қатар сұлу Айша-бибі мен батыр Қарахан арасындағы шексіз махаббаты туралы аңыз да қызықтырады. Бабаджа Хатун кесенесі — Айша бибі мазары жанында орналасқан. Бұл кесене де XI- XIIғ.ғ. сәулет ескерткіші болып саналады.


2. Бектөбе қалашығы
2. Бектөбе қалашығы - Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Қаратөбе ауылдық округі аумағындағы көне қалашық. Тараз қаласына серіктес "бекініс төбе" деген мағынаны білдіреді, әлі де орыны сақталған. VII-VIII ғасырларда соғды тайпалары соққан бекініс. Бекініс туралы араб жылнамашылары жазғандай "Атлах" шайқасы кезінде арабтардың қорғаныс орталығы болған.


3. Ақтөбе қалашығы
Ақтөбе қалашығы IX – XIII ғғ.жататын тарихи ескерткіш. Жамбыл ауданы, Бесжылдық ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 0,5 шақырым жерде орналасқан. Қалашықты 1978 ж. Жамбыл обл. тарихи-өлкетану мұражайының экспедициясы ашқан (К. Байбосынов). Жобасында тік бұрыштылау болып келген алаңның көлемі 150 х 110 м, биіктігі 3,5 м. Қалашық табанындағы ені 16 м, биіктігі 2 м-к үйінді жалмен қоршалған. Бұрыштарымен тараптарға бағытталған ескерткіш кесіндісінде солтүстік-шығыс - оңтүстік-батысқа бағытында орналасқан 3 алаң түрінде болып келген.
4. Қызылқайнар қалашығы
Қызыл Қайнар Тараздан күншығысқа қарай 25 шақырым жердегі қала. Үйсіндердің біздің заманымызға дейінгі аса маңызды соғыс қамалы болған. Шығыстан келген жау қамал қорғаушыларымен айлар бойы тынбай соғысып, ақыры жеңіске жеткен соң, қамал-қала құлайды. Қамал-қаланың құландысы да, қамал ішіндегі бұлақ та Қызыл Қайнар аталады.


5. Төрткүл қорғаны


Төрткүл қорғаны. Қаракемер ауылының оңтүстік-батысындағы Үлкен Аса өзені бойында Үлкен Төрткүл және Кіші Төрткүл қорғандары орналасқан. Ал оның орнында «Адахкес» деген қала орналасқан. Қаланың төрт бұрышы түгел қирап, күлге айналған соң, «Төрткүл» атанып кеткен.

6. Ақбұлым
ЖЕТІТӨБЕ ҚОРЫМЫ (ерте темір дәуірі) қазақ даласында Жетітөбе атауымен жиі кездесетін елді мекен, төбе, қорымдардың қатарында. Олардың әрқайсы қандайда бір тарихи оқиғалармен сабақтас. Жамбыл өңіріндегі ерте темір дәуіріне жататын Жетітөбе археологиялық ескерткіші Жамбыл ауданы, Ақбұлым ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 5 шақырым жерде, тауалды жазықта орналасқан. Қорым екі қатар тізбекте орналасқан обалар тобынан құралған. Шығыс жағындағы тізбекте көлемдері ірі келген жеті оба орналасқан. Ескерткіштің атауы да осы обаларға байланысты шыққан. Қорымға ХІХ ғ. орта шенінен бастап әр жылдарда ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, алтын және басқа да металдан жасалған әшекей қалдықтары мен бөлшектері табылған. Жәдігерлер сақтардың «аң стилі» деп аталған өзінше бір ерекше үлгідегі өнер туындыларына тән. Қорымнан табылған алтын бұйым қалдықтары мен ондағы қайталанбас әшекейлер сақ дәуірінде метал өңдеудің жоғарғы дәрежеде дамығандығын көрсетеді. Ал осы бұйымдарда көрініс тапқан өрнектердің мазмұны олардың дүниетанымын аңғартады.


7. Қыз әулие
ҚЫЗ ӘУЛИЕ ЖАЙЫНДАҒЫ АҢЫЗ-ӘҢГІМЕ Жамбыл ауданы, Құмтиын ауылынан батысқа қарай Қыз әулие кесенесі бар. Аталған кесене Аса-Жұма тасжолының бойында орналасқан. Алайда бұл жер неліктен Қыз әулие аталған, кесене кімнің құрметіне тұрғызылған деген нақты дерек жоқ. Ел аузындағы аңыз-әңгімелер ғана жұмбақ мекеннің жайынан там-тұмдап сыр шертеді.
Аңыз бойынша ерте заманда сайдың тасындай келісті жеті ағайынды батыр жігіт өмір сүріпті. Жоңғар шапқыншылығы кезінде жау қолынан сол жігіттердің бәрі де қаза тауыпты. Сол батырлардың көркіне көз ақы берерліктей сұлу жалғыз қарындасы болыпты. Бұл қыздың көріпкелдік, әулиелік қасиеті бар екен. Күндердің күнінде әулие қыз ағаларының түгелдей мерт болғанын, жаудың өзін алып кетпекші болып жүргенін біліп, өзін Алладан тас мүсінге айналдырып өз елінде қалдыруын сұраған дейді. Қыздың тілегі қабыл болып, кейіннен бұл жер «Қыз әулие» аталып кеткен екен.



8. Жамбыл Жабаев ескерткіші
2001ж. Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Аса ауылы, аудан әкімшілігі алдындағы алаңда орналасқан. 2001 ж. тұрғызылған ескерткіштің авторлары: мүсіншілер Н. Рустемов, Д. Альдеков, сәулетші С. Дембай. Ұзын бойыны сомдалған Жамбыл мүсіні қола түске боялған бетоннан жасалынып, бұрын Ленин ескерткіші тұрған биіктігі (4,7 м) тұғырға орнатылған. Мүсіннің биіктігі 3,6 м. Қызғылт түсті қордай гранитінің ірі кесектерінен жасалған тұғыры көлемді әрі биік стилобат іспетті. Ақын дана қарт түрінде бейнеленген. Ірі көлем мен монолитті қалып ескерткішке тұтастық пен монументальдылық беріп тұр.