Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Рухани қазына» кіші бағдарламасы «Туған жер-туған ел» базалық бағытын жүзеге асыру барысында ақын Сұлтан Қалиевтың өмірі мен шығармаларын насихаттау мақсатында Жамбыл аудандық орталық кітапханасы және аудандық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен қазақтың көрнекті балалар ақыны Сұлтан Қалиевтың 75 жасқа толуына орай « Әлемді кітап арқылы танимын» ең көп оқитын оқырмандар арасында «Сұлтан Қалиев оқулары» атты аудандық байқауы болып өтті.
Аталмыш іс – шараның құрметті қонақтары Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты, қазақтың көрнекті балалар ақыны Сұлтан Қалиев, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма басшысының орынбасары Сембина Зүбайра Жарқынқызы, Дінмұхамед Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры - Инкарбекова Гульфайруз Қапарқызы, Д. Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының әдіскері – Таттимбетова Жанар Мұхтарқызы болды. Сонымен қатар, № 1 орта мектебі, Ю.Гагарин атындағы орта мектебі, Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептерінің 7-10 және 10-15 жас аралығындағы оқушылары, БАҚ өкілдері қатысты. Байқау М.Төлебаев атындағы музыка мектебінің домбырашылар ансамбльінің орындауында Құрманғазының «Адай» атты күйімен ашылды. Іс - шара барысында ақын Сұлтан Қалиевтың өмірі мен шығармашылығы баяндалды. Бірінші «Мен кітапхананың тұрақты оқырманымын» кезеңінде бақ сынаушылар өздерін көпшілікке таныстырды. Екінші кезеңде «Сұлтан Қалиев – балалар әдебиетінің көрнекті ақыны» Сұлтан Қалиевтың өлеңін жатқа оқып, сахналық қойылым көрсетті. Үшінші кезең «Портрет галереясы» бөлімінде сайыскерлер портреттегі бейнелердің кім екенін тауып, төртінші «Әдеби бәйге» кезеңінде Сұлтан Қалиевтың өмірі мен шығармашылығы туралы сұрақтарға жауап берді. Нәтижесінде 7-10 жас аралығындағы сайыскерлер арасынан Б.Момышұлы атындағы орта мектебінің 3 сынып оқушысы Разбай Инсан, 10- мен 15 жас аралығындағы қатысушылар арасындағы сайыскер ішінде Б.Момышұлы атындағы орта мектебінің 8 сынып оқушысы Алипчеева Махаббат суырылып көзге түсіп, облыстық байқауға жолдама алды. Екінші орынды Анарбек Хадиджа мен Ерланқызы Шапағат ( Ю.Гагарин атындағы орта мектеп) бөліссе, үшінші орынды Тұрдыбек Жасмин мен Тоқтасын Мөлдір (Б.Момышұлы атындағы орта мектеп) қанағат тұтты. Іс – шара соңында ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған «Өлеңінен керемет сыр өрілген» тақырыбында кітап көрмесі және кітап инсталяциясы таныстырылды. Байқау соңында Дінмұхамед Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры - Инкарбекова Гульфайруз Қапарқызы жеңімпаздарды марапаттап, сыйлықтар табыс етті. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Қалисаева Аида Қуанышқызы ақынды құттықтап, иығына зерлі шапан жапты. Балалармен сырласқан сырбаз ақын Сұлтан Қалиұлы ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.