Жамбыл облысы Жамбыл ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ

Зағиптар бөлімі ашылды

         Осы тұрғыда Астананың  20 жылдығына  орай, Елбасының «Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады» деген сындарлы сөзі мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдайдың жасалуы қажеттігін меңзеп тұр.
Қажеттілік демекші, ауданымыздағы зағип және көзі әлсіз көретін азаматтарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған аудандық орталықтандырылған кітапхана (балалар кітапханасында) жанынан арнайы бөлім ашылды.
       Бөлім ашу үшін жергілікті бюджеттен 4120,0 млн теңге бөлінді. Оған арнайы құрылғылар: компьютер арнайы бағдарламасымен баспа машинасы, оқу машинасы, тефломагнитола, брайль кітаптары мен дискілер алынды.

          Ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Үміткен Найманова:
– Мақсатымыз сіздердің мәдениет, музыка, шығармашылық қабілеттеріңізді ашуға мүмкіндік беру, зағип жандардың рухани-мәдени тұлға болып қалыптасуына мүмкіндік туғызу, қоғамға кіріктіру, кітап, газет-журналдар арқылы өмірге деген құштарлығын арттыру, мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндігінің шексіз екендігін қоғамға айқындап көрсету болса, бүгін сол мақсатымыз орындалып отыр, – деді.
Осынау қуанышты сәтте сөз алған Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Эльмира Абдинова мен облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының директоры Айгүл Оразқұлова да осы жолда атқарылған және алда атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
Ашылу рәсімі кезінде кермені аудан әкімінің орынбасары Үміткен Найманова және жоғарыда есімдері аталған қонақтар қиып, іске сәттілік тіледі.
Іс-шара барысында облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін кітапхананың қызметкері, редактор-тифлолог Ербол Бегимов бөлімге алынған техникалық құрылғылар жайын түсіндіріп берді.
Бөлімнің ашылғанына қуанған мүмкіндігі шектеулі жандар да жылы лебіздерін білдіріп жатты. Республикалық «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» жыр мүшәйрасының жеңімпаздары Қуаныш Ауғанбаев пен Қолқанат Оңғарбаева жүрекжарды жырларын оқыды.
Жамбыл облыстық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы  КММ филиалы  директоры  Баубекова Жанна Иманкуловна және мүмкіндігі шектеулі оқырмандар мен кітапханашылар қатысты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев,  бастаған қарттар асыл армандарына қол созған мүмкіндігі шектеулі жандармен сыр бөлісіп құтты болсын айтса, аудандық Мәдениет үйінің әншісі Нұрлыбек Таласбаев жергілікті ақын Айтмұханбет Исақовтың арнауын орындап берді.