Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан да тиылар едік
Ғабит Мүсірепов.
Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Кітап оқу мен кітапханаларды қолдау – қоғам дамуының басты міндеттерінің бірі екенін ескере отырып, Жамбыл аудандық орталық кітапхана қызметкерлері кітап қорын әр саладағы әдебиеттермен, балаларға арналған кітаптармен толықтыру, қазақ әдебиетінің кітаптарын насихаттау, жастарды рухани және патриоттық тәрбиеге баулу, оқырмандарды кітап оқуға тарту мақсатымен «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясы барысында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сайлаухан Ашанов орталық кітапханаға кітаптарын сыйға тартты.С.Ашановтың «Текті әулеттің ізтұяғы» кітабында қазыналы қарттарымыздың балаларына, немерелеріне берген тәрбиесі жөнінде , «Сезім сыры» кітабына өлеңдерімен естеліктері, «Жетім шоқы», «Асқақ тулы Қожық батыр» кітаптарында Ұлы жүз қолының ту ұстаушысы , елші Қожық батыр туралы мағлұмат беріледі.Аудармашы, лексикограф Үрила Кеңесбаева кітапханаға «Ағылшынша-қазақша фразеологиялық сөздік», «Ағылшын тілі грамматикасы» I бөлім кітаптарын сыйға тартты.Ү.Кеңесбаеваның кітаптары ағылшын тілін үйренушілер мен аудармашыларға, оқушылар мен ұстаздарға арналған. Жамбыл ауданы Жамбыл ауылдық округы әкімі аппаратының бас маманы Исмайлова Мейрамкүл Бөрібайқызы, ғалым, журналист-жазушы, қиссашыл ақын Әбілұлы Меңдібайдың «Спортшы Мұхаммед Мұсаұлы туралы қисса» атты кітабының 43 данасын кітапханаға сыйға тартты.Кітаптан қол күрестен әлем чемпионы атанған Мұхаммед Мұсаұлының спорттағы жеңістері, жетістіктері жайында жазылған қиссаны оқи аласыздар. Сіздерді осы аталған кітаптарды оқып танысуға кітапханамызға шақырамыз.
https://kitaphana-asa.kz/novosti-kz/202-kitapkhana-a-kitap-syjla-aktsiyasy.html#sigFreeId7355839530