Жамбыл облысы Жамбыл ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ

Түнгі кітапхана

        Түнгі кітапхана  

                        

     Орталық алаңда Жамбыл аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен түнгі кітапхана мерекелік іс-шарасы өтті.

    Мақсаты: Рухани құндылықтарымызды дәріптеп, оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, кітап  оқуды ілгерілету. Ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне атсалысу, кітапханамен қоғамның арасындағы байланысты нығайту. Кітапхана қорындағы кітаптарды насихаттау және оқырман тарту.

    Түнгі кітапхана-кітап оқуға қолдау көрсететін  әлеуметтік-мәдени шара. Бұл түні әдеттегі жұмыс уақытынан тыс мезгілде келген оқырманға мол ақпарат беріледі.

    Іс-шара Құмтиын ауылдық кітапханасының кітапханашысы Эдиса Мамбеталиеваның «Кітапхана-рухани қазына мекені» атты арнауымен  ашылды.

   «Бір ел-бір кітап» акциясының  шеруі оқырмандар назарына ұсынылып,  жергілікті балалар ақыны Совет Әлімқұловтың сөзіне жазылған «Ұмытып кетпе мені» әнін аудандық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының  кітапханашысы Замира Қожамқұлова нақышына келтіре орындады.

   Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік-тұғырым» атты арнауын  Еңбек ауылдық кітапханасының кітапханашысы Назаралы Әсем жиналған көпшілікке жолдады.

    2021 жыл Қазақстан балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы екені баршаға мәлім. Жылдың негізгі мақсаты-балалар мен жасөспірімдердің арасында кітап оқу мәдениеті мен кітап оқу белсенділігін арттыру, кітап оқу мәртебесін көтеру және отбасылық кітап оқудың дәстүрлерін қолдау болып отыр. Балалар кітап қоры ертегілермен, түсті суретті ашылмалы кітаптармен  толығып  оқырмандар қатары көбеюде.

   Аудандық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен «Таңғажайып ертегілер еліне саяхат» тақырыбындағы  сахналық қойылымды жиналған көпшілік қызыға тамашалап,  жасырылған жұмбақтардың жауабын жарыса шешті. Ертегі кейіпкерлері де қонаққа келіп, балаларды қатты қуантты.
    Аудандық орталық кітапхананың жанынан ашылған зағип және көзі әлсіз көретін бөлімінің жұмысы таныстырылып, аталған бөлімнің тұрақты оқырмандары Кеңгесбай Ерғазы мен Кеңгесбай Дариғаның орындауында «Ата-ана» әні көпшілік жүрегінен орын алды.

    Жергілікті айтыскер, ақын Айтмұхамбет Исаховтың сөзі мен әніне жазылған «Ащыбұлақ» әнін Шайдана ауылдық кітапханасының кітапханашысы Гүлмира Байболова тамылжыта орындаса, кітапхананың тұрақты  оқырманы  Бақытұлы Орынбасар «Отан» әнін шырқады.

   Сонымен қатар, келушілер арнайы тақырыптар бойынша көркем безендірілген, терең мазмұнды кітап көрмелері мен ашық қарауларға  қызығушылық танытып, танысты. Кеш соңы кітапханашылардың орындауындағы кітапхана гимнімен қорытындыланды.