Жамбыл облысы Жамбыл ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ

С.Әлімқұлов байқау

«Әлемді кітап арқылы танимын» көркем сөз әдебиет оқуларын ең көп оқитын оқырмандар арасында өтетін «Совет Әлімқұлов оқулары» аудандық байқау

Жамбыл аудандық орталық кітапханасы және Жамбыл аудандық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының бірлесе ұйымдастыруымен «Әлемді кітап арқылы танимын» көркем сөз әдебиет оқуларын ең көп оқитын оқырмандар арасында өтетін «Совет Әлімқұлов оқулары» аудандық байқау болып өтті.

Байқаудың мақсаты:

- Балалар ақыны, жазушы Совет Әлімқұловтың өмірі мен шығармашылығын балаларға терең оқыту;

- Совет Әлімқұловтың балаларға арналған сан алуан тақырыптағы танымдық – тәрбиелік туындылары арқылы балалардың қазақ тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне деген ықыласын арттыру және көркем сөз оқу шеберлігін, тіл мәдениетін жетілдіру;

- рухани – адами тәрбие беру, ұлтжандылық қасиеттер қалыптастыру;

- балалар мен жасөспірімдер арасында кітапқа деген қызығушылықты арттыру;

- оқу мәдениеті мен сауаттылықты нығайту;

- кітапханаға бетбұрыс жасау;

Кеш шымылдығы М.Төлебаев атындағы өнер мектебінің «Көкіл» ансамбльінің орындауында Құрманғазының «Балбырауын» күйімен ашылды. Кітапханашы Замира Хожамкулова жергілікті ақын Совет Әлімқұловтың өмірі мен шығармашылығы туралы мағлұмат берді. .

Байқауға қатысушылар төмендегі талаптар бойынша сайысқа түсті

- «Мен кітапхананың тұрақты оқырманымын» сайыскердің өзін – өзі таныстыруы (3 мин)

- «Совет Әлімқұлов»– балалар әдебиетінің көрнекті ақыны» Совет Әлімқұловтың шығармасын жатқа оқу немесе сахналық қойылым қою (3 мин)

- «Портрет галереясы» портреттегі бейненің кім екенін табу(3 мин)

- «Әдеби бәйге» Совет Әлімқұловтың өмірі мен шығармашылығы туралы сұрақтарға жауап беру (3 мин)

Кеш қонақтары әрі әділқазы алқа мүшелері: Бақытжан Әлімқұлов - Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, сатирик-ақын, Инкарбекова Гулфайруз Қапарқызы – Д.Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры, Жұмабаев Мақсат –Жамбыл аудандық «Шұғыла» газеті бас редакторының орынбасары , Расулова Маира Алметовна –Д.Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы болды.

Байқауда аудандық мәдениет үйінің әншісі Нүрила Исаеваның орындауында ақын Совет Әлімқұловтың әніне жазылған «Ұмытып кетпе мені» әні шырқалды. Сонымен қатар, Таласбаев Нұрбол мен Қоқымбаев Ерболдың орындауында «Туған жер» , «Ару-ана», «Ауылым» әндері көпшіліктің көңілін көтерді.

4 кезеңнен сүрінбей өтіп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып көзге түскен оқырмандар Ю.Гагарин атындағы мектеп –лицейінің 4 сынып оқушысы Рәпілбек Айсәуле және 3 сынып оқушысы Орынбай Ақнұр 1-ші жүлделі орынды иеленді. 2 –ші жүлделі орынды Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп- гимназиясының 3 сынып оқушысы Таңжарбай Сымбат иеленсе, Б.Момышұлы атындағы мектеп –гимназиясының 3 сынып оқушысы Файзулла Нұрдаулет 3-ші орынды қанағат тұтты.

Кеш соңында асылдың тұяғы ақынның ұлы, Жамбыл радиосының жетекшісі, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі,сатирик-ақын Бақытжан Әлімқұлов ардақты әке туралы сыр шертсе, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Қалисаева Аида Қуанышқызы ақынға қазақтың дәстүрлі шапанын кигізіп, естелікке сыйлық тарту етті. Сонымен қатар, Д.Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры Инкарбекова Гулфайруз Қапарқызы байқау жүлдегерлеріне облыстық байқауға 2 жолдама беріп, оқырмандарға сәттілік тіледі. Байқау жеңімпаздары дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.