Аудандық орталық кітапхананың ұйымдастырумен Жамбыл ауданының 95 жылдығына орай «Туған өлкенің тарландары» тақырыбында әдеби-сазды кеш өтті.
Мақсаты: Өлкеміздегі халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген қаламгерлеріміздің өрнегі мол жырларын оқуға насихаттау, олардың өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа өнеге тұтып, жастардың кітап оқуға құлшынысын арттыру, еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру.
Іс- шара барысында қасиетті қара шаңырағымыз Жамбыл ауданының 95 жылдығына орай туған өлкемізден шыққан қаламгерлердің туындыларын оқуға насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Туған өлкенің тарландары» атты әдеби- сазды кешті кітапхана қызметкерлері Қарлығаш Оңғарбаева мен Гүлбағира Сүлейменова кіріспе сөзбен ашып, қазақ әдебиетіне үлкен үлес қосқан жергілікті қаламгерлер мен шығармаларын таныстырды. Кітапхана қызметкерлері жазушы Әкім Таразидің «Күнә» шығармасынан үзіндіні және балалар ақыны Совет Әлімқұловтың «Бала ерлігі» балладасын сахналады. Совет Әлімқұловтың «Ұмытып кетпе мені» әнін Шайдана ауылының кітапханашысы Гүлмира Байболова нақышына келтіре шырқаса, аудандық орталық кітапхананың кітапханашылары Нұрипа Манабаева мен Ақдана Құрымбаева «Ұшқан ұя», «Туған жер» әндерін тамаша орындап көпшілік көңілінен шықты. Балалар жүрегіне жол таба білген ақын Сұлтан Қалиевтің «Сор» ертегісін аудандық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қуыршақ театры сахналап көрсетті. Базар Қилыбаевтың «Туған жер» өлеңін Айару Файзолла, Нұрмахан Тілегеновтің «Қамшы» өлеңін Алдиярхан Мұқашхан, Байтанағали Төлентаевтың «Отан» өлеңін Гүлдария Ешназар, Бақытжан Советұлының «Тараз» өлеңін Сымбат Таңжарбай, Михаил Тумановтың «Тараз» өлеңін Офелия Шиляева мәнерлеп жатқа оқыды. Жергілікті ақын Қуаныш Ауғанбаевтың періште сезімге толы өлеңдерінен аудиожазылым тыңдатылып, композиция тамашаланды. Іс- шарада көпшілік назарына «Өлке қаламгерлерінің жауһар туындылары» тақырыбында кітап көрмесі ұсынылып, оқу залының кітапханашысы Нұрипа Манабаева таныстырып өтті. Нәтижесінде 78 адам қатысты.
https://kitaphana-asa.kz/novosti-kz/344-tu-an-lkeni-tarlandary-ta-yrybynda-debi-sazdy-kesh.html#sigFreeIdfbe8d0ff32