Жамбыл облысы Жамбыл ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ

«Жүректен жүрекке» мерекелік кеш


Жамбыл аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі азаматтар күніне орай «Жүректен жүрекке» атты мерекелік кеш өтті.
Мақсаты: Оқырмандардың санасына мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамға бейімделулеріне көмек көрсетуге, олардың бойындағы дарындылық пен өмірге деген құштарлығын көре білуге, қоғамда өз орны бар екендігіне сенімді болуларына жәрдем беруге, бауырмалдылыққа, кішіпейілділікке баулу.
Мерекелік кеш Мұқан Төлебаев атындағы балалар өнер мектебінің шәкірті Серік Ақеркенің орындауында «Ақжелең» күйімен ашылды.
Алғашқы сөз кезегін алған аудандық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі Ш. Тулепбергенова келген қонақтарды мерекемен құттықтап, лебізін білдірді. Балалар өнер мектебінің оқушылары Мұқашхан Дильназ «Қызымын елдің», Сейіт Інжу «Үш бақытым» әнін көрермендерге тарту етті. Аталмыш мектептің «Жігер» ансамблінің орындауында «Шаттық», Сапарбай Інжу «Тоқтаған» күйлері кеш қатысушыларының жүрегінен орын алды. Қазақ соқырлар қоғамының мүшелері Есимов Ғалымжан «Қазағым ай», «Ана – әке», Сенбекова Алтынайдың «Сағындым сені» әндерімен мерекеге шашу шашты. Сонымен қатар, зағип және көзі әлсіз көретін азаматтар бөлімінің тұрақты оқырманы Сейдалиев Болатбек Майлықожа ақынның «Өкінбессің өмірден» термесін орындады. Кеш қонағы Құнанбаева Күләш апа мерекемен құттықтап, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Кешті қазақ соқырлар қоғамының Жамбыл ауданындағы өкілі Сертеков Бернар қорытындылап, осындай іс-шаралар алдағы уақытта жалғасын таба беретіндігін тілге тиек етті.
Нәтижесінде: 40 адам қамтылды.