Аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен Қазақ және Кеңес Одағының геологы, қоғам қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш академик Сәтбаев Қаныш Имантайұлының туғанына 125 жыл толуына орай «Қазақтың Қанышы» атты танымдық кеш Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының 7 сынып оқушылары қатысуымен өтті.
Мақсаты: Жастарға Қаныш Сәтбаевтың ғибратты өмірі мен еңбек жолын кеңінен таныстыру.
Танымдық кеш «Қаныш Сәтбаев» бейнеролигімен ашылып, қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Құралай Асхатаева «Әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаев» тақырыбында кіріспе сөз сөйлеп, кеш қонақтарын көпшілікке таныстырды.
Мардымды кештің қонақтары: Аудандық Билер кеңесінің төрағасы Саршаев Батырбек Бақытбайұлы, Жамбыл аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Күзербаев Сарсембай, Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі және әдебиет пәнінің ұстазы Данбаева Жанар Жандуллақызы қатысты.
Іс-шарада «Қаныш Сәтбаев- ғұлама ғалым» атты негізгі бөлімде академиктің өмірі мен қызмет жолының бел-белестері, ғылым жолындағы еңбектері баяндалып, қонақтарға сөз берілді.
Сөз кезегін алған Сәрсембай ата Қаныш Сәтбаевқа Ғабдул-Ғани деген есім берілді. Отбасында үлкен ұлы Ғабдул-Ғазизді еркелетіп Бөкеш деген сияқты, Ғабдул-Ғаниын да анасы Әлима "Ғаниым, Ғанышым" деп атаған. Бала облыстық мектепке барғанда журналға есімі Қаныш болып жазылып кеткендігін тарқатып айтып берді. Батырбек аға Қаныш атамыздың Совет Одағына деген сіңірген еңбегі ұшан- теңіз. Ғалымды бағалауымыз және еңбегін ұмытпауымыз керек. Мықты геолог екенін Сталиннің өзі мойындаған. Қаныш атамыз сияқты Батырбек ағамызда Алматы қаласында сол сала мамандығын игергенін тілге тиек етті. Сонымен қатар Қаныш Сәтбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай аудандық газетке «Менің мақтанышым» атты мақала жариялағанын айтып, газетті балаларға көрсетті. Жанар Жандуллақызы осындай кешке аталарды шақырып балаларға көп ақпаратты өз ауыздарынан естігеніне және іс-шараны ұйымдастырған кітапхана қызметкерлеріне ризашылығын білдіріп, алғыс айтты. Осындай тәрбиелік мәні бар кештен балалар көп нәрсені ойларына түйгендігіне тоқталды.
Тағылымы мол кеште «Қазақтың тұңғыш академигі» тақырыбында кітап көрмесін қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы А.Құрымбаева таныстырып, библиографиялық шолу жасады. Іс-шараға «Қаныш Сәтбаев- жан-жақты ғалым» тақырыбында слайд көпшілік назарына ұсынылды.