Жамбыл облысы Жамбыл ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ

«Аяулы әже, Ардақты ана, Ару қыз» тақырыбында мерекелік кеш

Жамбыл аудандық зағип және көзі әлсіз көретін азаматтар бөлімінің ұйымдастыруымен 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне орай «Аяулы әже, Ардақты ана, Ару қыз» тақырыбында мерекелік кеш мүмкіндігі шектеулі оқырмандар арасында өтті. Іс -шараны аудандық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі Тулепбергенова Шолпан Сайранбекқызы ашып, жиналған қауымды мерекемен құттықтады. Кешті жүргізген кітапханашы А. Уркумбаева асыл аналарға жыр жолдарын арнай отырып, сахна төріне «Еркемсің» әнімен Пернебай Томиристі шақырды. «Испан биін» тербетіле орындаған Амангелді Раяна мен Амантай Алуа жиналғандардың ыстық ықыласына бөленді. Өнер мектебінің білім алушылары Оспанәлі Ерсайын қоңыр домбырамен «Ана» әнін шырқаса, Тойшыбек Асылжан «Ақ сисаны» әуелетті. Аталған мектептің жас өрендері Сәбит Шәдия, Дюсуп Нұралы «Домбыра» күйін нақышына келтіре жеткізсе, Тойшыбек Асылжанның орындаған «Басты өлең», Әбдімаш Інжудің «Анажан» әндері көрермен жүрегінен ойып орын алды. Кітапхана оқырманы Марат Назнұр «Ана» әнін мерекеге арнап, көрермен көзайымына айналды. Кітапханашы З. Хожамкулова Т. Айбергеновтің «Ана» өлеңін мәнерлеп оқып, барлық аналарға арнады. Іс - шарада ана туралы айтылған мақал - мәтелдердің қатысушылар жалғасын тапты. Сонымен қатар, «Әріппен әуенді атаңыз?» ойыны ұйымдастырылып, жиналған көпшілік белсенділік танытты.

Кітапхана қызметкерлері З, Хожамкулова мен А. Уркумбаева «Алғыс» әнімен мерекеге шашу шашты. Кеш соңында зағип жан Үкіжанова Күләш апа, ҚСҚ Жамбыл ауданының өкілі Сертеков Бернар мерекемен құттықтап, шырайлы кешті ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Аудандық орталық кітапхана тарапынан қыз - келіншектерге сыйлықтар тапсырылды.