Жамбыл облысы Жамбыл ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ

«Кітапхананың түнгі әлемі» мерекелік кеш

«Кітапхананың түнгі әлемі» мерекелік кеш Жамбыл аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Кітапхананың түнгі әлемі» мерекелік іс-шарасы өтті. Түнгі кітапхана-кітап оқуға қолдау көрсететін әлеуметтік-мәдени шара. Бұл түні әдеттегі жұмыс уақытынан тыс мезгілде келген оқырманға мол ақпарат берілді. Бүгінгі іс-шарамызда «Бір ел – бір» кітап акциясы аясында кітап шеруі, әндер, ертегілер еліне саяхат, түрлі ойындар ұйымдастырылды, соңына дейін қатысып белсенділік көрсеткен оқырмандарға сыйлықтар берілді. Сонымен қатар «bauyrsaq party» ұйымдастырылып, бауырсақ салынған «Түнгі кітапхана» логотипы бар қалташалар, жаңадан келіп түскен әдебиеттерді насихаттау барысында жарнамалық парақшалар дайындалып келген қонақтарға үлестірілді. Іс-шара Шайдана ауылдық кітапханасының кітапханашысы Гүлмира Байболованың орындауында «Жаңа күн» әнімен ашылды. «Бір ел-бір кітап» акциясының шеруі оқырмандар назарына ұсынылып, кітапхана қызметкерлері Манабаева Нүрипа, Құрымбаева Ақдана «Туған жер» әнін нақышына келтіре орындады. Ауылдық кітапханалар бірлесе ұйымдастыруымен "Бір ел- бір кітап" акциясы аясында Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары оқуға шақырып, "Менің атым Қожа" шығармасынан сахналық көрініс көрсетті. А.С.Пушкиннің 225 жылдығына көрініс, викториналық ойындар ойнатты, "Ғажайып кітапхана" бұрышында аниматорлар әдеби логикалық ойындар, сұрақ-жауап ұйымдастырып сыйлыққа тәттілер таратылды. "Сиқырлы кітап әлемі" бұрышында түнгі кітапхана ханшайымдары сиқырлы әлемге саяхат жасады. Балалар мен жасөспірімдердің арасында кітап оқу мәдениеті мен кітап оқу белсенділігін арттыру, кітап оқу мәртебесін көтеру және отбасылық кітап оқудың дәстүрлерін қолдау мақсатында балалар ертегілермен, түсті суретті ашылмалы кітаптармен танысып, аудандық орталық кітапхана қызметкерлерінің сахналауымен «ШАЛҚАН ЕРТЕГІСІ» көрінісі көрсетілді. Аудандық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен «Таңғажайып ертегілер еліне саяхат» тақырыбындағы әдеби ойындарын жиналған көпшілік қызыға тамашалап, жасырылған жұмбақтардың жауабын жарыса шешті. Ертегі кейіпкерлері де қонаққа келіп, балаларды қатты қуантты. Келушілер арнайы тақырыптар бойынша көркем безендірілген, терең мазмұнды кітап көрмелері мен ашық қарауларға қызығушылық танытып, танысты. "Тілек бұрышы" тақтасына келген оқырмандар игі тілектерін жазып, "Инстаграм парақшасы" фотоаймағына естелік фотоға түсті. Кеш соңы кітапханашылардың орындауындағы кітапхана гимнімен қорытындылап, отшашу болды.