9 мамыр Ұлы Жеңіс күніне орай зағип оқырмандармен "Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс" атты Жеңіс саябағына экскурсия ұйымдастырылды.
Мақсаты: Оқырмандарды патриоттық сезімге, жоғары азаматтыққа, өз Отанына деген түсініктерін кеңейту, Жеңіс саябағы жайлы мәлімет беріп, таныстыру.
15 гектарлық саябақ аумағындағы «Ерлік» мемориалды кешенінің нысандары көздің жауын алады. Облыстық драма театрдың алдынан көшіріліп әкелінген батыр Бауыржанның еңселі ескерткіші нағыз өз орнын енді тапты деуге болады. Ескерткіштің қос қапталында Жамбыл жерінен шыққан 48 Кеңес Одағы Батырының «Алтын жұлдызы» жарқырап тұрса, алдындағы «Мәңгілік алау» ерлік пен өрліктің өшпес рухын асқақтатып, ұрпақ санасына «Даңқ» деген дана ұғымды ұқтырып тұрғандай. Батыр Бауыржан Момышұлы мен 48 батырдың артында 105 мыңға жуық жауынгердің есімі қашап жазылған мәрмардан соғылған «Даңқ» мемориалы да бүгінгі буынның өз атасын іздеп, ұзақ кідіретін орны болып тұр. Ал кешенге кіретін бас қақпаның ені 13, биіктігі 8 метрді құрап, алыстан көз тартып менұндалайды.
Мұнда жақұтқа бергісіз жәдігерлер көп - ақ. Әсіресе, әріректегі 5 артиллериялық зеңбірек пен қаз - қатар сап түзеген 7 ауыр әскери техника да кешеннің мәні мен сәнін кіргізіп - ақ тұр.
Саябақтағы айрықша атап өтетін жаңалықтың бірі - Чернобль апатының зардабын жоюға жұмылдырылған солдаттар мен Ауған соғысында қаза тапқан, жат жердегі осы соғыстың бел ортасында болған жерлестерімізге арнап қойылған ескерткіш композиясы. Жалпы, 10 жылға созылған Ауған жеріндегі соғысқа елімізден 22 мың сарбаз қатысса, олардың 2 мыңы жамбылдықтар екен. Сол қатарда 105 жамбылдық «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталып, 1292 адам кеудесіне арнайы медаль тағыпты. Ал Ауғанда атой салған даңқты жерлесіміз Бақытжан Ертаевқа кейін Халық Қаһарманы атағы берілді.
Чернобль апатының зардабымен күрескен жамбылдықтарға да «Жеңіс» саябағынан орын бұйырыпты. Қала халқының тағдыры ғана емес, адамзат үшін аса маңызды миссиямен апатқа ұшыраған электр станциясының аумағына кіріп, өлімге бас тіккен 32 мың қазақстандықтың 1500 - ге жуығы жамбылдықтар.
Сонымен қатар салауатты өмір салтын ұстанғандар үшін де жағалауда бар жағдай жасалған. Бүгінде веложолақ пен спорттық жаттығу және балалар алаңшалары өз миссиясын орындап тұр. Сондай - ақ, саябақ құрылысының үaшінші кезеңі нысандарының бастысы саналатын Даңқ залы алыстан көз тартады.
Бұл ескерткіштердің барлығы бейбіт өмір үшін жанын қиған батырлардың құрметіне қойылған. Бұл Ұлы Отан соғысының батырлары және бүгінгі күннің батырлары, олар өз міндеттерін орындап, адамдарды қорғады. Батырларға даңқ және мәңгілік естелік!
https://kitaphana-asa.kz/novosti-kz/375-rpa-a-ran-bol-an-ly-zhe-is-atty-zhe-is-sayaba-yna-ekskursiya.html#sigFreeId726fd04088