Аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Жазушымен бір күн» облыстық жобасы аясында балалар жазушысы, журналист, «AQ JOL» газетінің аға тілшісі Марат Құлибайұлының шығармашылығын насихаттауға «Балғын ұрпақ – бақытым!» жазушы бенефисі №1 орта мектебінің білім алушыларының қатысуымен өтті.
Мақсаты: Қаламгердің өміржолы мен шығармаларын насихаттау. Балаларды адамгершілікке, үлкенді құрметтеп, еңбек сүйгішттікке баулу. Шақырылған қонақтар: Марат Құлибайұлы, Ерман Әбдиев, Сансызбай Бертайұлы, Нұрасыл СұлтанбаевЖазушы бенефисін оқу залының кітапханашысы Нурипа Манабаева жүргізді. Кеш Төленді Жалғастың орындауында «Мен- қазақтың ұлымын» әнімен ашылды. Бенефис төрт бөлімнен тұрды.
Бірінші «Өмірдастан» бөлімінде қаламгерлік ерекше қасиетімен, жазудағы өзіндік стилімен танылған жазушы Марат Құлибайұлы өзі өмір жолымен таныстырды. М.Құлибаев қасиетті Жуалы ауданына қарасты Бақалы атты алақандай ауылда туып, бүгінде Әулиеата өңіріне танылған қаламгер азамат. Марат Құлибайұлы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің филология және журналистика факультеттерін бітірген. Алғашқы еңбек жолын өзі тәрбие мен білім алған Теріс ауылындағы №16 Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепте мұғалім болып бастаған. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарған. Кейіннен біржолата журналистік жолға түскен ол әр жылдары Жамбыл облыстық «Ар-Ай» жастар газетінде жауапты хатшы, Жуалы аудандық «Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газетінде Директор-Бас редактордың орынбасары (12 жыл) болып қызмет атқарып, 2018 жылдан Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінде аға тілші болып жемісті еңбек етуде.
Екінші «Балалар әдебиетінің бағбаны» бөлімінде Марат Құлибаевтың балалар тақырыбында жазылған бірқатар көркем шығармалары балғын оқырмандарға «Мейірім», «Қолқанат», «Апамның аялы алақаны» атты жинақ кітаптары арқылы жол тартты. Оқырмандар Қайратұлы Бибирыс пен Разбай Инсан «Қолқанат» кітабынан көркем шығармасын мәнерлеп оқып берді. «Апамның аялы алақаны» кітабынан «Адамгершілік» атты әңгімелерінің желісімен қойылымдар көрсетіліп, кездесу өте әсерлі өтті.
Үшінші «Жазушы келбеті» бөлімінде көсем сөз, көрікті ой көркем көңілден шығады демекші, Қазақстан Журналисттер Одағының мүшесі, Ақпарат саласының үздігі, қаламгер, журналист, Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы тілдерді оқыту орталығының ғылыми - әдістемелік бөлімінің басшысы Ерман Әбдиев қаламгердің азаматтық қырларына, оның ішінде, қарапайымдылығына жеке тоқталып, жазушының өзі қандай қарапайым болса, балаларға арналған шығармаларының да тілі жатық, мағынасы өте ұғынықты әрі оқуға жеңіл екенін баса айтты. Сонымен қатар, кеш иесіне шығармашылық табыс тілеп, жазар тақырыбының таусылмауына тілектестік білдірді. Ауданымыздың Құрметті азаматы Сансызбай Бертайұлы мен «Шұғыла-Радуга» газетінің редакторы Нұрасыл Сұлтанбаев та кітап авторына игі тілектер айтып, шығармашылық табыс тіледі. Сондай-ақ, Жуалыдан жазушының жерлестері: зейнеткер кітапханашы Қонаева Бақыткүл, жуалы ауданының тумасы Сәрсенов Абылайхан жылы лебіздерін онлайн түрде жолдап, лед экраннан көрсетіліп, қуантып қойды.
Төртінші «Сырлы сұхбат» бөлімінде оқырмандар сауалдар қойып, жазушы ағамыз көптеген қызықты, тәрбиелі әңгімелерімен бөлісті. «Оқырмандарға әсіресе осында отырған оқушыларға айтарым, кітап оқыңыздар, жан дүниелеріңізді жақсы нәрселермен байытыңыздар!»- деп тілек білдірді кітап авторы М.Құлибаев.
Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Аида Қалисаева шығармашылық жолда қияға өрлеп, балалар әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып келе жатқан қаламгер Марат Құлибайұлын құттықтап, барша жамбыл ауданы жұртшылығы атынан зор денсаулық, талмас талап пен шығармашылық толайым табыстар тілеп, сый- сыйпат табыстады. Кеш Төленді Жалғастың орындауында «Бір ел болса» әнімен аяқталды.
Нәтижесінде: 35 адам қамтылып, 5 оқырман кітапханаға жаңадан тіркелді.
https://kitaphana-asa.kz/novosti-kz/419-bal-yn-rpa-ba-ytym-zhazushy-benefisi-2.html#sigFreeId3df1349738