Жамбыл облысы Жамбыл ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ

«Батырлық пен парасаттылық иесі – Бауыржан Момышұлы» атты ғылыми-практикалық конференция

Аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында Кеңес Одағының батыры, жазушы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай «Батырлық пен парасаттылық иесі – Бауыржан Момышұлы» атты ғылыми-практикалық конференциясы, зиалы қауым өкілдері, жастар, мәдениет қызметкерлері, кітапханашылар, тарих, АӘД мұғалімдері, мектептердің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларының қатысуымен аудандық мәдениет үйінде өтті.

Конференцияның мақсаты: Ұлы даланың алып ұлы Бауыржан Момышұлының ерлік пен қаһармандықтан, елдік пен шығармашылықтан өрілген өнегелі өмірін жастарға үлгі ету, Отанға деген құрмет сезімін арттыру, аталар ерлігін дәріптеп, ізгілік жолын жалғастыруға баулу, ұлтжандылыққа, ерлікке, батырлыққа тәрбиелеу.

Ғылыми – практикалық   конференция   Бауыржан Момышұлына арналған Шерхан Мұртазаның «Басы ноқтаға сыймаған» пьесасынан үзінді қойылыммен ашылды.

Аудан әкімінің орынбасары Мақпал Досымбекова Бауыржан Момышұлының өнегелі өмір жолын, қаһарманның ел көп біле бермейтін сырлары мен қырларына тоқталып,  ғылыми – практикалық конференциясының спикерлеріне  сәттілік тіледі. Кеш барысында «Өнегелі өмір» бейнебаяны көрсетілді.

Аудандық ғылыми-практикалық   конференцияның спикерлерін сахна төріне шақырылып, таныстырылды.

Мұқашев Темірбай Әлиұлы – Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты.

Мақашев Бақытжан Маханұлы – Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР Білім беру ісінің үздігі, әдебиеттанушы.

Найзабаев Әлімбай Аманбайұлы – Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері.

Малдыбаев Нышанбек Сматұлы- Бауыржан Момышұлы мектеп- гимназиясының тарих пәні мұғалімі, Жамбыл ауданы мәслихатының депутаты.

Қазақстан Журналистер  одағының мүшесі, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Сансызбай Бертайұлы модератор болып жүргізіп, конференцияға арнайы шақырылған спикерлерге сөз беріп отырды.  Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Темірбай Мұқашев Бауыржан Момышұлының замандастары жайлы көзқарастары тұрғысында сөз қозғаса, аталған оқу орнының аға оқытушысы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР Білім беру ісінің үздігі, әдебиеттанушы, Бақытжан Мақашев батыр  Бауыржанның кеңестік және тәуелсіз Қазақстан тарихындағы орны туралы баяндады.  Ал, М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті «Бауыржантану» орталығының аға ғылыми қызметкері Әлімбай Найзабаев «Куба әсерлері» кітабының жазылу тарихына тоқталып, көпшілікті аталған оқулықты оқуға  шақырды. Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназияның тарих пәні мұғалімі, аудандық маслихаттың депутаты Нышанбек Малдыбаев «Ұлттық құндылық» турасында ой қозғады.

Жарыссөзге шыққан аудандық билер кеңесінің төрағасы Батырбек Саршаев, Б. Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Самал Байкеева, аудандық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі Сәрсенбай Күзербаев даңқты қолбасшы жайында салмақты сөз сабақтап, әсерлі естеліктермен  бөліссе, батагөй қария Төлеген Байсүгіров  ер Бәукеннің батасын берді.

Іс-шараны қортындылаған Махпал Сатыбалдықызы Бауыржан Момышұлы туралы жастарға мол мағлұмат берген қонақтарға ризашылығын білдіріп, аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының Алғыс хаттарын және естелік сыйлықтарын табыс етті.

 Іс-шарада кітапхана қызметкерлері конференцияға келген қонақтарға Бесағаш ауылдық кітапханасының меңгерушісі Сандуғаш Әміржанова Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында Қазақтың даңқты батыры, жазушы, ойшыл тұлға Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына  арналған жазушының шығармаларынан тұратын  кітап көрмесін таныстырып, «Ұшқан ұя», «Генерал Панфилов», «Куба әсерлері», «Москва үшін шайқас», «Көз алдымда бәріңсің», «Қанмен жазылған кітап» атты библиографиялық шолу жасады. Аудандық орталық кітапхананың библиогрфы Ақерке Мамашариева батырдың қолжазбалары өз қолымен жазылған қазақ халқының рухани мұрасын ерекше құнды қолжазбалары мен батасын оқырмандар назарына ұсынды. Сонымен қатар, аудандық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы Хожамкулова Замира Бауыржан Момышұлының өмірі мен қызметін бейнелейтін фотосуреттері мен қанатты сөздерінен тұратын библио- галареяны көрермендерге таныстырды.