Жамбыл облысы Жамбыл ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ

«Жамбыл Жабаев – ұлт руханиятының ұлы жыршысы» ғылыми-практикалық конференция

Жамбыл аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен қазақ сөз өнерінің көгінде шоқ жұлдыздай жарқыраған, ХХ ғасырдың Гомері атанған әйгілі ақын, ұлы жырау Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойына орай «Жамбыл Жабаев – ұлт руханиятының ұлы жыршысы» ғылыми-практикалық конференция өтті. Тағылымды шараға зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері, кітапханашылар, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері мен кітапхананың жас оқырмандары қатысып, рухани кештің ажарын аша түсті.

Мақсаты: сөз мәйегін кие тұтқан абыз жыраудың өнегелі өмірі мен шығармашылық мұрасын жас ұрпаққа насихаттау, Отанға деген ыстық сезімін ұялату, ерлік пен елдік қасиеттерді дәріптеу, ұлтжандылық рухта тәрбиелеу.
Жиында аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы сөз алып, жыр алыбы Жамбылдың аманатын ардақтау, оның асыл мұрасын жас ұрпақ жүрегіне жеткізу – ұлттық қазынаны ұлықтаудың айрықша көрінісі екенін ерекше атап өтті. Ол барша қатысушыларды мерейтоймен құттықтап, халыққа ізгі тілегін арнады.

Ғылыми-практикалық конференцияға арнайы шақырылған спикерлер сахна төріне көтеріліп, қатысушыларға таныстырылды.
- Құлбарақ Сәмен Оразғалиұлы – филология ғылымының докторы, профессор, «Дулатитану және өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері;
– Темірбай Әлиұлы Мұқашев – Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты;
– Бақытжан Маханұлы Мақашев – аталған университеттің аға оқытушысы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР Білім беру ісінің үздігі;
– Әлімбай Аманбайұлы Найзабаев – осы оқу орнының «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері.

Жиынды Қазақстан Журналистер одағы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұржан Әліш жүргізіп, басқосудың шырайын келтірді. Ол сөз тізгінін ұтымды ұстап, спикерлерге кезек тәртібімен сөз ұсынып, ой-пікірдің сабақтастығын сақтады.
Құлбарақ Сәмен Оразғалиұлы Жамбыл Жабаев жырларының көркемдік құдіреті мен поэтикалық болмыс-бітімін тереңінен толғап, хакім сөздің мәйегін таразылап, ой маржанын кестелі тілмен кестеледі. Темірбай Мұқашев жыр дүлдүлін өз заманының біртуар перзенті, дәуірдің дарабозы ретінде тарихи тұрғыдан зерделеп, оның ел шежіресіндегі айрықша орнын айшықтап баяндады.

Ал Бақытжан Мақашев ақын айтыстарының суырыпсалмалық сүлейлік пен шешендік тапқырлықтың өнегелі өрнегі екенін атап өтіп, сөз додасындағы саңлақтық сипатын сараласа, Әлімбай Найзабаев жыр жампозының өнегелі өсиетке толы асыл мұрасының тәлімдік тағылымына тоқталып, жас буынды кітапқа құштар болуға, рухани қазынаны қастер тұтуға шақырды.

Жарыссөз барысында Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлнұр Биланқызы мен аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Сәрсенбай Күзербаев жыр алыбының өмірі мен шығармашылығы жайлы тағылымды ой қозғап, мазмұнды пікірлерімен бөлісті. Олар ақын мұрасының ұлт руханиятындағы айрықша орнын айшықтап, әсерлі естеліктерін ортаға салды.

Сонымен қатар, аудандық кітапхананың кітапханашысы Нұрипа Манабаева мерейтойға орай ұйымдастырылған кітап көрмесін таныстырды. Көрмеде «Халық менің шын атым», «Жамбыл Жабаев» 10 томдық жинағы, «Джамбул. Избранные песни» сынды құнды еңбектер мен өзге де басылымдарға библиографиялық шолу жасады. Ақынның өмірі мен шығармашылығын бейнелейтін фотосуреттер мен қанатты сөздерден құралған библио-галерея көпшілік назарына ұсынылды.

Келелі жиынның қорытындысында батагөй қария Төлеген Байсүгіров ақжарма тілегін арнап, ел амандығы мен бірлігін тілеп, ақ батасын берді.

Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы конференцияға қатысып, мазмұнды баяндама жасаған қонақтарға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.

Тағылымды шараға барлығы 50 адам қатысып, ұлт руханиятының асыл қазынасын ардақтаған мазмұнды басқосу ретінде көпшіліктің жадында сақталары анық. Кеш барысында айтылған ойлы пікірлер мен жүрекжарды лебіздер ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың жарқын үлгісіне айналып, қатысушыларға рухани серпіліс сыйлады.