23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай аудандық орталық кітапханада «Кітаптың сиқырлы әлемі» атты мерекелік кеш кең көлемде өтті. Іс – шара барысында биылғы жылғы атаулы күндерге және өлкенің тарихын білуге шақыратын кітап көрмелері қойылып, және сала бойынша әдебиеттерге ашық қараулар мен түрлі ойындар ұйымдастырылды.
Мақсаты: Кітап – сарқылмас рухани қазына дей келе, білімнің кітап арқылы берілетінін ұғындыру. Кітаптың адам өміріндегі маңызы, ғылым мен білімнің пайдасы жайлы түсіндіру. Кітапқа деген қызығушылықтарын арттыру, оқулықты күтіп ұстауға үйрету.
Іс-шараға «Шұғылы-Радуга» газеті редакциясы, және Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп гимназиясы, «Ю.Гагарин мектеп-лицейі», «№1 Мектеп», білім алушылары, кітапхананың тұрақты оқырмандары, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері қатысты.
Мерекелік кештің шымылдығы «Ю.Гагарин мектеп-лицейі», «№1 Мектеп», «Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп гимназиясы» мектеп оқушыларының орындауында флешмоб бимен ашылды.
Іс-шара жүргізушілер А.Мамашариева мен З.Хожамқұлова көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, кітаптың шығу тарихы туралы тағылымды мәліметтермен бөлісті. Сонымен қатар, кітапханашылардың орындауында кітап пен телефон «Уақыттың қадірі» сахналық қойылымы ұсынылды. Қойылымда уақытты тиімді пайдалану, кітап оқудың маңыздылығы мен қазіргі заман технологияларының әсері терең мазмұнда бейнеленді. Облыстық байқаудың Бас жүлдегері Желеубай Дамира мен Шілменова Инабат көркем сөз өнерінен өз шеберліктерін танытып, мәнерлеп оқу арқылы көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, Рахат бастауыш мектебінің 2-3 сынып білім алушылары «Мерекем», әні орындап, Жамбыл Асылханның «Қазақ елім» әнін шырқап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Оқушылар «Кітап мұңы» атты сахналық қойылым ұсынып, кітаптың қадірі мен маңызын әсерлі түрде жеткізе білді. Кітапхана оқырмандары Ыдырыс Жания мен Ыдырыс Раяна «Қазақстаным» әнін орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Кеш қатысушылары өнерпаздардың өнеріне тәнті болып, зор қошемет көрсетті. Кеш соңында Рахат бастауыш мектебінің білім алушылары «Кел, досым кітапханаға!» әнімен қорытындылады.
https://kitaphana-asa.kz/novosti-kz/516-23-s-uir-ltty-kitap-k-ni-kitapty-si-yrly-lemi-atty-merekelik-kesh.html#sigFreeIdc233139af4



















