Жамбыл аудандық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы мен зағип және көзі әлсіз көретін азаматтар бөлімінің бірлесе ұйымдастыруымен 1 маусым – балаларды қорғау күніне орай «Күн шуақты бала әлемі» мерекелік кеші өтті.
Жамбыл облыстық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы КММ-нің Жамбыл аудандық филиалының қызмет алушылары қатысқан шара балаларға шаттық сыйлап, олардың өнері мен шығармашылығын көпшілікке танытуға мүмкіндік берді.
Іс-шараны Жамбыл аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры А. Қалисаева ашып, балаларды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Бағдарлама барысында ерекше балалардың орындауындағы «Гүлдер» биі мен доппен қойылған би көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Сондай-ақ кітапхананың белсенді оқырмандары қазақ және испан билерін орындаса, Ыдырыс Раяна мен Ыдырыс Жания «Бақыт деген», «Қазақстаным» әндерін шырқады. Кеңесбай Ерғазы мен Кеңесбай Дариға орындаған «Жақсы адамдарым» әні де көпшілік көңілінен шықты.
Кітапхана қызметкерлері «Қызыл телпек» ертегісінен сахналық қойылым ұсынып, балалар оркестрлік қойылым арқылы ұлттық өнерді дәріптеді.
Шара барысында «Кім көп біледі?», «Ғажайып алаң», «Құпия қазына аралы» ойындары ұйымдастырылып, қатысушылар белсенділік танытты.
Кеш соңында Жамбыл облыстық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры Ж. Баубекова қорытынды сөз сөйлеп, балаларға ақ тілегін жеткізді.
Мереке соңында балаларға кітапхана тарапынан сыйлықтар мен балмұздақтар таратылды.
https://kitaphana-asa.kz/novosti-kz/547-k-n-shua-ty-bala-lemi-merekelik-keshi.html#sigFreeId95e4d3d85b



















