«Шұғыла» газетінің 60 жылдық мерейтойына орай «Ашық есік» күні өтті
Алпыс жылдық тарихы бар аудандық «Шұғыла» газетінің мерейтойына арналған «Ашық есік» күні ұйымдастырылды.
Тағылымды іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Махпал Досымбекова, Жамбыл аудандық Отбасын қолдау орталығының директоры Эльвира Көшкінбаева, зиялы қауым өкілдері, бөлім және мекеме басшылары, басылым ардагерлері, кітапхана қызметкерлері мен тұрақты оқырмандар қатысты.
Кездесу барысында қонақтар редакция ұжымын мерейлі 60 жылдықпен құттықтап, шығармашылық табыс, тың бастамалар мен толағай жетістіктер тіледі. Ардагер журналистер басылымның қалыптасу кезеңдері мен аудан өміріндегі ерекше орны туралы естеліктерімен бөлісіп, жас буынға өмірлік тәжірибелері мен ақыл-кеңестерін айтты.
Алты онжылдық бойы аудан тынысын айшықтап келе жатқан «Шұғыла» газеті қоғамдық-саяси, рухани және мәдени өмірдің маңызды оқиғаларын оқырманға дер кезінде жеткізіп, өңір тарихының шежіресіне айналған беделді басылым болып келеді.
Бүгінде де газет дәстүр мен жаңашылдықты ұштастыра отырып, оқырмандарына сапалы әрі сенімді ақпарат ұсынып келеді. Ел мен жердің шынайы шежіресін жазып келе жатқан басылымның алдағы уақытта да өңірдің рухани дамуына сүбелі үлес қоса беретініне сенім зор.
Эльвира Көшкінбаева,
Жамбыл аудандық «Отбасын қолдау орталығының» директоры.
https://kitaphana-asa.kz/novosti-kz/548-sh-yla-gazetini-60-zhyldy-merejtojyna-oraj-ashy-esik-k-ni-tti.html#sigFreeIde2b3c6cd93



















