Жамбыл облысы Жамбыл ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ

«Газет – аудан айнасы » әдеби қонақжай кеші

 

 «Газет – аудан айнасы »  әдеби қонақжай кеші

 

        Аудандық  орталық кітапхананың  ұйымдастыруымен   аудандық «Шұғыла–Радуга» газетінің жарық көргеніне 60 жыл толуына орай «Газет – аудан айнасы» атты әдеби қонақжай кеші ұйымдастырылды.

          Іс-шараның мақсаты – аудандық баспасөздің қоғам өміріндегі маңызын дәріптеу, газет тарихын насихаттау, журналистика саласына еңбек сіңірген азаматтардың еңбегін құрметтеу және жас ұрпақтың ақпараттық мәдениетін арттыру.

          Кеш барысында библиограф А. Мамашариева аудандық газеттің қалыптасу кезеңдері мен даму жолдары туралы мазмұнды мәліметтер ұсынып, әр жылдары еңбек еткен редакторлар мен журналистердің шығармашылық қызметіне шолу жасады. Сонымен қатар газет беттерінде жарық көрген тарихи мақалалар, ел өміріндегі маңызды оқиғалар мен аудан тынысын бейнелейтін материалдар арнайы ұйымдастырылған көрме арқылы көпшілік назарына ұсынылды.

         Іс-шара аясында кітапхана қызметкерлері «Шұғыла – Радуга» газетінің 60 жылдық мерейтойына арналған жүрекжарды арнауларын оқып, басылым ұжымына шығармашылық табыс пен толайым жетістіктер тіледі.

        Әдеби қонақжай аясында ардагер журналистер мен жергілікті қаламгерлердің   естеліктері тыңдалып, оқырмандар арасында еркін пікір алмасу ұйымдастырылды. Сондай-ақ, газет тарихына арналған бейнебаян көрсетіліп, өнерпаздарының қатысуымен әдеби - музыкалық бағдарлама ұсынылды.  Осы басылымда еңбек еткен аға буын журналистердің бірі Совет Әлімқұловтың өлеңіне жазылған «Ұмытып кетпе мені» әнін Шайдана ауылдық кітапхана қызметкері Гүлмира Байболованың  және шығармашылығымен де танымал тұлға, өлеңдер мен нақылдар жинағының авторы Оңғарбай Шайымқұловтың өлеңіне жазылған «Өлеңге сені қосамын» әнін орындайтын Жұма бастауыш мектебінің меңгерушісі Сатимбай Жанар Багзатханкызының орындауында айтылды.. «Салбұрын» тобының орындауында  әсем әндер көпшіліктің көңілін көтерді.

        Кештің екінші бөлімінде басылымның өркендеуіне үлес қосқан ардагер  қаламгерлердің бірі Тұрсынкүл Ентаеваның жаңа кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті. Жергілікті қаламгер, ардагер- журналист Тұрсынкүл Ентаеваның жаңа кітабының тұсаукесер рәсіміне ортаға Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ақын, журналист Ғайни Әлімбекқызы, ардагер ұстаз Райгүл Омарова, КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, әдебиет танушы  Байтанағали Төлентаев шығып, салтанатты түрде кітаптың тұсауы кесілді.

        Тұрсынкүл Ентаеваның жаңа кітабының тұсаукесеріне туған-туыстары, жергілікті қаламгерлер және Желтоқсан оқиғасына қатысушылар қатысып, авторға ақжарма тілектерін арнады.

       Іс-шара барысында Жамбыл облыстық Желтоқсаншылар қоғамдық бірлестігі Тұрсынкүл Ентаеваны «Қазақстан патриоты» төсбелгісімен марапаттады.

       Кештің көркін әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері Әбдібек Берденұлы Тінәлиев пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер-әнші Жүніс Әлімбек әрлеп, көпшілікке «Анамның тілі» әнін тарту етті.

       Осындай тағылымды шаралар арқылы ұлттық руханият дәріптеліп, қаламгер шығармашылығы кеңінен насихатталды. Кездесу соңында Тұрсынкүл Ентаева аудандық кітапхана қорына өз кітаптарынан 6 данасын сыйға тартты.