Аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен Желтоқсан оқиғасының 40 жылдығына орай «Желтоқсан жаңғырығы – Тәуелсіздік бастауы» атты тағылымды кеш зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен жоғары деңгейде өтті.
Кештің мақсаты – жастарға Желтоқсан оқиғасының тарихи мәні мен маңызын түсіндіру, Тәуелсіздік жолында күрескен желтоқсан қаһармандарының ерлігін насихаттау, Желтоқсан құрбандарын еске алып, олардың өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ету, сондай-ақ оқушылардың осы тарихи оқиға туралы білімдерін тереңдету болды.
Іс-шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор-әнші Әбиірбек Тінәлі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер-әнші Жүніс Әлімбек, қоғам қайраткері, төраға орынбасары Исмаил Хаджимурат және Желтоқсан оқиғасының қатысушылары Мейрамкүл Айнабекова, Манат Абдрашева, Айнұр Төгісбаева, Света Иманқұлова, Әбілхан Жәнібеков, Дариға Идрисова, Ермахан Мырзабеков қатысты.
Кеш барысында Желтоқсан құрбандары бір минут үнсіздікпен еске алынды. Тағылымды шара Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор-әнші Әбиірбек Тінәлі мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер-әнші Жүніс Әлімбектің орындауындағы, сөзі Әбрахман Асылбековтікі, әні Әбиірбек Тінәлінікі «Желтоқсан желі» әнімен жалғасын тапты.
«Тарихты кітаптан оқу бір бөлек, ал сол тарихтың куәгерлерінен есту бір бөлек» дегендей, кеш барысында қатысушылар Желтоқсан оқиғасының куәгерлерімен еркін сұхбаттасып, көкейлеріндегі сауалдарын қойды. Желтоқсаншылар сол бір тағдырлы күндер туралы естеліктерімен бөлісіп, жастарға патриоттық рух пен елге деген сүйіспеншіліктің маңызын жеткізді.
Сонымен қатар, жергілікті қаламгерлер Тәуелсіздік пен Желтоқсан оқиғасына арналған арнау өлеңдерін оқып, тарихи оқиғаның ұлт тағдырындағы орны туралы әсерлі ой-пікірлерін ортаға салды.
Тағылымы мол кеш қатысушыларға ерекше әсер қалдырып, жастардың тарихи санасын қалыптастыруға, ел тәуелсіздігінің қадір-қасиетін терең түсінуге ықпал етті.
https://kitaphana-asa.kz/novosti-kz/553-zhelto-san-zha-yry-y-t-uelsizdik-bastauy-ta-ylymdy-kesh.html#sigFreeId8b4f8273e0



















