Жамбыл облысы Жамбыл ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ

«Әке – бәйтерегім, ұлым – мұрагерім»

Аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен Әкелер күні мерекесіне орай «Әке – бәйтерегім, ұлым – мұрагерім» атты өнеге кеші өтті.
Іс-шараға кітапхана оқырмандары мен қонақтары қатысып, әке мәртебесін ұлықтауға арналған тағылымды кездесу ұйымдастырылды.
Кештің негізгі мақсаты – әкенің отбасы мен қоғамдағы ерекше орнын дәріптеу, әке мен бала арасындағы рухани байланысты нығайту және ұлттық құндылықтарды насихаттау.
Өнеге кешінің құрметті қонағы ретінде көпбалалы, өнегелі әке Байдалиев Асқар Маратұлы және ұлдары Сардар мен Заңғар қатысты. Кездесу барысында қонақтар өздерінің отбасылық құндылықтары, бала тәрбиесіндегі тәжірибелері мен өмірлік ұстанымдары жайында ой бөлісті.
«Әкеге тағзым» бөлімінде кітапхана оқырмандары әкеге арналған жүрекжарды өлеңдерін оқып, әке еңбегіне деген құрметтері мен ыстық ықыластарын жеткізді.
Ал «Кел, сұхбаттасайық» бөлімінде Асқар Маратұлымен еркін сұхбат өрбіп, отбасы тәрбиесі, әкенің бала өміріндегі рөлі және ұрпақ сабақтастығы туралы тағылымды пікір алмасу өтті. Қонақ кәде ретінде Асқар Маратұлы домбыраның сүйемелдеуімен Кенен Әзірбаевтың «Бастау», халық әні «Бұлбұлым» әнін орындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлап, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Сондай-ақ, Нұрзина Атамқұлованың «Перзент тілегі», Сәуле Мешітбайқызының «Намыс қайрағы», «Ұлт шырығы» атты кітаптарын кітапханаға сыйға тартты.
Кітапхананың ең кішкентай оқырмандары Мақсат Жасмин мен Инаят «Әкеге алғыс» өлеңін мәнерлеп оқып, барша әкелерге деген шынайы ризашылықтарын білдірді.
Кеш соңында қатысушыларға тәтті балмұздақтар таратылып, мерекелік шара жылы лебіздер мен көтеріңкі көңіл күй аясында өз мәресіне жетті. Іс-шара көпшілікке әкенің қадір-қасиетін тереңірек сезіндіріп, отбасы құндылықтарын дәріптеуге өз үлесін қосты.