Жамбыл облысы Жамбыл ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ

«Кітап оқитын ұлт - білім мен білік бәсекесі» интеллектуалдық сайыс

Аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Кітапхана лидері» жобасы аясында жас мамандардың қатысуымен «Кітап оқитын ұлт - білім мен білік бәсекесі» тақырыбында интеллектуалдық сайыс өтті.

Іс-шараның мақсаты: жастарды кітап оқуға тарту арқылы олардың тұлғалық танымын кеңейту, білім деңгейін арттыру, кітапхананың белсенді әрі білімді оқырмандарын анықтау, оларды ынталандыру және кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру.

Интеллектуалдық сайысты Н. Манабаева ашып, қатысушыларға жобаның мақсаты мен күтілетін нәтижесі, сондай-ақ сайыстың ережесі мен шарттарын таныстырды.

Сайысқа қатысушылар мен қазылар алқасының мүшелері таныстырылды. Қазылар алқасының құрамында аудандық орталық кітапхананың әдіскері Сүлейменова Гүлбағира, Әйелдер кеңесінің төрайымы Бектембаева Гүлмира, Жамбыл ауданы «Іскер әйелдер» қауымдастығының төрайымы Дайрабекова Фарида Даулбайқызы болды.

Сайысқа Айтқұл Ұлдана, Әбітаева Қарақат, Ибадилдаева Данира, Қиясбекова Ботагөз қатысты.

Интеллектуалдық сайыс төрт кезеңнен тұрды:

І кезең – «Бәйге»

ІІ кезең – «Жорға»

ІІІ кезең – «Әдебиет кейіпкеріне көмектес»

ІV кезең – «Дода»

«Бәйге» кезеңінде қатысушыларға логикалық және танымдық сұрақтар қойылып, әр дұрыс жауапқа бір ұпайдан берілді. Қатысушылар өздерінің білім деңгейі мен шапшаңдығын көрсете білді.

«Жорға» кезеңінде қатысушылар лэд-экраннан ұсынылған сұрақтардың ішінен таңдаулар жасап, өз білімдерін ортаға салды. Кезең қорытындысы бойынша ең төмен ұпай жинаған Әбітаева Қарақат келесі кезеңге өте алмады.

«Әдебиет кейіпкеріне көмектес» кезеңінде қатысушыларға белгілі классик ақын-жазушылардың шығармаларын анықтау және әдеби кейіпкерлерге қатысты тапсырмаларды орындау ұсынылды. Бұл кезеңде де қатысушылар өздерінің әдеби білімдері мен шығармаларды тану қабілеттерін танытты. Нәтижесінде ең төмен ұпай жинаған Айтқұл Ұлдана сайысты жалғастыра алмады.

Сайыстың шешуші «Дода» кезеңінде қатысушылар орындары ауысқан әріптерді дұрыс орналастырып, жасырылған сөздерді қатесіз табуы тиіс болды. Финалдық кезеңде Ибадилдаева Данира мен Қиясбекова Ботагөз бақ сынасып, өзара тартысты бәсеке көрсетті.

Сайыс қорытындысы бойынша қазылар алқасы қатысушылардың жинаған ұпайларын есептеп, нәтижесін жариялады. Білімділігі мен шапшаңдығын жоғары деңгейде көрсетіп, барлық кезең бойынша ең жоғары ұпай жинаған Ибадилдаева Данира интеллектуалдық сайыстың жеңімпазы атанды.

Жеңімпазға арнайы жүлде мен сыйлық табысталып, сайысқа белсене қатысқан өзге қатысушыларға да ынталандыру сыйлықтары берілді.

Іс-шара соңында қатысушылар кітаптың адам өміріндегі маңызы, рухани дамуға тигізер пайдасы туралы ой бөлісіп, кітап оқудың білім мен тұлғалық дамудың маңызды негізі екеніне тағы бір мәрте көз жеткізді.