Аудандық орталық кітапханада, Жамбыл аудандық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен қазақ әдебиетіндегі өзіндік қолтаңбасымен танылған сатирик ақын, белгілі журналист, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Бақытжан Советұлы Әлімқұловтың 60 жылдық мерейтойына арналған «Сырлы сөздің саңлағы» аудандық байқауы өтті.
Тағылымды шараның негізгі мақсаты – қаламгердің шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, көркем әдебиетті дәріптеу және оқырмандардың шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Бақытжан Советұлы Әлімқұлов – сатирик ақын ғана емес, журналистика саласында да өзіндік із қалдырған қаламгер. Оның шығармаларында қоғамдағы түрлі құбылыстар, адам мінезі, бала әлемі мен күнделікті өмір көріністері әзіл-оспақпен, тапқырлықпен суреттеледі.
Шараға байқаудың құрметті қонағы, мерейтой иесі Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, сатирик ақын Әлімқұлов Бақытжан Советұлы және арнайы шақырылған қаламгерлер мен әдебиет саласының өкілдері қатысты.
Аудандық байқауға кітапхана оқырмандары мен білім беру мекемелерінің оқушылары арасынан 12 жас талапкер қатысты. Жас оқырмандар қаламгер шығармашылығын қаншалықты меңгергендерін ортаға салып, өздерінің өнері мен білімдерін сынға салды.
Байқау үш кезеңнен тұрды.
Алғашқы «Жырларын оқып жүрміз жатқа бәрін» кезеңінде қатысушылар Бақытжан Советұлының шығармаларын мәнерлеп жатқа оқып, көркем сөз оқу шеберліктерін танытты. Кейбір қатысушылар өлеңдерді сахналық көріністермен ұштастырып, шығарманың мазмұнын көрерменге әсерлі жеткізуге тырысты.
Екінші «Жұмбақпен жарысқан жүйрік ой» кезеңінде жас оқырмандар ақынның жұмбақтарына жауап беріп, тапқырлықтары мен ой ұшқырлықтарын көрсетті. Бұл кезең қатысушылардың зеректігін, жылдам ой қорыту қабілетін және сөз мағынасын терең түсіну деңгейін байқатты.
Ал «Қаламгер әлеміне саяхат» атты үшінші кезеңде қатысушылар Бақытжан Советұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап берді. Бұл кезеңде жас оқырмандардың қаламгер шығармашылығын қаншалықты зерттегені, әдеби білімі мен ізденісі сараланды.
Байқаудың құрметті қонақтары мен әділқазылар қатарында жазушы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Көсемәлі Сәттібайұлы, Қазақстанның құрметті журналисі Асқарбек Сейілхан, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жергілікті қаламгер, Жамбыл ауданының құрметті азаматы Махамбетқұлов Сансызбай Бертайұлы болды.
Әділқазылар қатысушылардың шығарманы таңдау талғамына, мәнерлеп оқу шеберлігіне, дауыс ырғағына, тіл тазалығына, ой ұшқырлығына, сахнада өзін-өзі ұстау мәдениетіне және жан-жақты білімділігіне назар аударды.
Байқау қорытындысында өз өнері мен білімін жоғары деңгейде көрсеткен қатысушылар анықталып, жүлделі орындарға ие болғандар арнайы дипломдармен және марапаттармен наградталды.
Байқау барысында әдеби кештің мазмұнын толықтыра түскен мәдени бағдарлама да ұйымдастырылды. Кітапхана қызметкері Байболова Гүлмира Совет Әлімқұловтың сөзіне жазылған «Ұмытып кетпе мені» әнін орындаса, кітапхананың белсенді оқырманы Жұмаддин Нұрдәулет «Отаным Қазақстан» әнін көпшілік назарына ұсынды.
Шара барысында Бақытжан Советұлы Әлімқұловтың шығармашылық жолы мен әдеби мұрасын жас ұрпаққа таныстыруға ерекше мән берілді. Қаламгердің 60 жылдық мерейтойына арналған бұл байқау – бір ғана шығармашылық сайыс емес, әдебиет пен оқырманды жақындастыратын, жас ұрпақты кітап оқуға үндейтін, жергілікті қаламгердің еңбегін ұлықтайтын рухани-мәдени шара болды.
https://kitaphana-asa.kz/novosti-kz/569-syrly-s-zdi-sa-la-y-audandy-baj-au.html#sigFreeId120aeb50de



















