Жамбыл облысы Жамбыл ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ

«Менің сүйікті ертегі кітабым» атты әдеби-танымдық сайыс

Жамбыл аудандық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы және Аса «Элит» мектебінің кітапханашысы Сәрсенбаева Розаның бірлесе ұйымдастыруымен балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, ертегілер әлеміне саяхат жасау және жас оқырмандардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында «Менің сүйікті ертегі кітабым» атты әдеби-танымдық сайыс кеші өтті.

Мақсаты: жас ұрпақтың кітап оқуға деген сүйіспеншілігін арттыру, қазақ халық ауыз әдебиетінің асыл мұраларын насихаттау, балалардың ойлау, сөйлеу және шығармашылық қабілеттерін дамыту, сондай-ақ оларды адамгершілікке, мейірімділікке, достыққа және ізгілікке тәрбиелеу.

Сайысқа бастауыш сыныптарынын 7 үміткер қатысты. Қатысушылар өздерінің сүйікті ертегі кітаптарын таныстырып, мазмұнын әңгімеледі. Сонымен қатар ертегілерден үзінділер сахналап, кейіпкерлердің бейнесін сомдады. «Бұл қай ертегі кейіпкері?» кезеңінде балалар ертегі кейіпкерлерін танып, олардың қай шығармада кездесетінін анықтаса, «Сиқырлы сандықтағы жұмбақтар» кезеңінде тапқырлықтары мен білімдерін ортаға салды.

Шара барысында балалар қазақ және әлем халықтарының ертегілері туралы білімдерін толықтырып, ертегілердің тәрбиелік мәніне тереңірек үңілді. Қатысушылар өздерінің өнерлерін, білімдерін және шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, белсенділік танытты.

Ертегі – ұрпақтан ұрпаққа жеткен рухани қазына, халық даналығының айнасы. Ол балаларды жақсылық пен жамандықты ажыратуға, адалдық пен батылдыққа, достық пен мейірімділікке баулиды. Осындай танымдық іс-шаралар жас оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, рухани дүниесін байытуға ықпал етеді.

Кеш соңында қатысушылардың өнері бағаланып, үздіктер марапатталды. Іс-шара көтеріңкі көңіл күймен аяқталып, балаларға ұмытылмас әсер сыйлады.