Қазақ әдебиетінің өзіндік қолтаңбасы бар сатирик әрі балалар ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бақытжан Советұлы биыл 60 жасқа келді. Әзілдің әлемін жаулап, сатираның жілігін шағып, майын ішкен ақынға бүгін жерлестері құрмет көрсетті. Жамбыл ауданындағы мәдени-шығармашылық кеш Аса ауылындағы Мәдениет үйінде өтті.
“Асаның ақ терегі” атты кештің шымылдығын ашқан аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы мерейтой иесіне ақжарма тілегін жеткізді: «Біз үшін Сіздің мерейіңізді үстем ететін тағы бір қастерлі қасиет – туған жерге деген перзенттік ықыласыңыз бен азаматтық болмысыңыз. Сіздің шығармашылық биігіңіз бен ел алдындағы беделіңіз – жерлестеріңіз үшін мақтаныш, кейінгі буынға өмірлік өнеге», - деді аудан басшысы.
Әулиеата өңірінен және еліміздің түкпір-түкпірінен келген қаламдас іні-ағалары, замандастары мен өнер азаматтары да ақынға ізгі тілектерін арнап, кештің көркін қыздырды. Әсіресе, ақынның жаңа кітабының тұсаукесері мен жанға жайлы әндердің шырқалуы көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады.
Бақытжан Советұлының 60 жылдық мерейтойына орай арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге ақынның шығармалары мен оқырманға ой салған туындылары қойылды. Көрменің мақсаты – қаламгердің шығармашылық мұрасын насихаттап, оқырманға кеңінен таныстыру.
https://kitaphana-asa.kz/novosti-kz/574-zhergilikti-alamgerdi-60-zhyldy-belesi.html#sigFreeId9e302e4815



















