23 сәуір – Халықаралық кітап күніне орай «Кітап – дәуір айнасы» атты мерекелік кеш өтті. Іс-шара орталық алаңда өтті. Іс – шара барысы биылғы жылғы атаулы күндерге және өз өлкеміздің гүлденуіне үлестерін қосқан қоғам қайраткерлері мен азаматтарымызға, өлкенің тарихын білуге шақыратын кітап көрмелері қойылып, және әдебиеттерге ашық қарау ұйымдастырылды. Кешіміздің алғашқы бөлімінде «Рухани жаңғыру – ұлттың болашағы» атты көрмемен аудандық орталық кітапхананың меңгерушісі Асхатаева Құралай таныстырды.Жамбыл жерінде өз шығармаларымен оқырмандарына таныс қалам қайраткерлерінің туындыларына арналған «Ақын болу хақтың ісі» атты кітап көрмесімен аудандық орталық кітапхананың кітапханашысы Қырықбаева Ақмарал таныстырып өтті. Биыл Астананың 20-жылдығына орай «Асқақтаған Астана» атты көрмемен Бектөбе ауылдық кітапхананың кітапханашысы Жумаханова Сандуғаш таныстырды. 2018 жыл Қазақстандағы Өзбекстан жылы «Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастығы» атты көрмемен Ерназар ауылдық кітапхананың кітапханашысы Умиралиева Айгерім таныстырды.
Мерекелік шара ашық қарау кітап көрмесімен жалғасын тапты.Ашық қарауға тарих саласынан «Кітап тарих, кітап - қазына», Қазақ әдебиетінің классиктерінен «Қазақ әдебиетіндегі дара тұлғалар», Орыс әдебиеттерінен «Наша литература - наша гордость», Балалар әдебиетінен «Балалар әлемі ғажап әлем», Қазіргі кездегі әдебиеттерге «Кітап оқу ел мәдениеті», Техника саласынан «Техника мен ауыл шаруашылығы – даму көзі», атты әдебиеттерге библиографиялық шолулар жасалды.
Кеш барысында Ақбұлым ауылдық кітапханашысы Жанабаева Айжанның орындауында Халық әні «Бүлдірген», Баймырза Беспаев мектебінің оқушыларының орындауында «Кітапхана» әні, «Жасын» триосының орындауындағы «Қазақпыз бәріміз» әндері көпшілік көңілінен шықты.
Кітапханамыздың тұрақты жас оқырманы Б.Момышұлы атындағы орта мектептің 3 сынып оқушысы С.Қалиев оқуларының жеңімпазы Инсан Разбай кітап күні мерекесіне орай өлең орындап берсе, «Шұғыла» газетінің тілшісі Құрбанәлі Аманкелдіұлы өз шығармасынан өлең орындап берді. Іс-шара Жамбыл аудандық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы дайындаған «Залым түлкі» ертегісімен және түрлі ойын түрлерімен жалғасын тапты.
Кеш одан әрі кітапханадан қолын үзбей, өзінің де отбасының да рухани баюына, тұрмысын кітаптағы оқиғалар, кейіпкерлермен тығыз байланыстыра, кітапты өмірлік ақылшысына айналдырған біздің кітапхананың тұрақты оқырмандарымыздың марапатымен жалғасын тапты.
Ауданымыздың құрметті азаматы, қазақ әдебиетіне өзіндік үлесін қосып келе жатқан ақын, фантаст жазушы Төлентаев Байтанағали ағамыз өз тілегін арнады. Ойлары ұшқыр отбасылық оқырманымыз Құрбанбаева Ықпал, зейнеткер оқырманымыз Уразбеков Аширалы ата ыстық лебізін білдірді. Кітапханамыздың жас зерек оқырманы Инсан Разбай да көпшілікке өзінің төрт шумақ өлеңін оқып берді. Мерекелік кешке Жамбыл облысынан «Умирзаков иК», «Шерхан Мұртаза» кітап баспа үйлері келіп өздерінің балаларға арналған кітаптарын насихаттап, балаларға тарту жасады. Кешке келген қонақтар кітапханаға өздерінің кітап туралы өскелең ұрпаққа тілегін айтып, кітап оқуға шақырды. Кеш одан әрі кітапханашылардың «Флешмоб» биімен жалғасты. Іс-шараны аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Қалисаева Аида Қуанышқызы қорытындылап, қатысушыларды кітапхананың тұрақты оқырмандары болуға шақырды. Кеш соңында көрермендер көрмеге қойылған әдебиеттермен танысып, ондағы ұсынылған әдебиеттерге қызығушылық танытып, кітапханаға жаңа оқырман болып тіркелді. Кеш қызықты да тартымды өтті, әр саладағы әдебиеттерден әсем безендірілген ашық қараулармен оқырмандарымызды кітаппен сусындандырған кітапханашы мамандарда, келген көпшілік те өз ризашылықтарын білдіріп, кітаптар насихатталды.